Сот шешіміне наразы белсенді изоляторда аштық жариялады

Қуат Уәлиев заңсыз шеруге қатыспадым деп, берілген жазамен келіспей отыр


23/09/2020
11:16 47381 0

Фото: azattyq.org

 

Ақмола облысының Ақмол ауылындағы тергеу изоляторында отырған азаматтық белсенді Қуат Уәлиев аштық жариялады. Бұл ақпаратты Азаттыққа белсенді Жанат Нұркішев хабарлады

 

Уәлиевтің аштық жариялағанын облыстық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Гүлнар Пинчук растады. Оның айтуынша, айыпталушы 20 қыркүйектен бері ас ішуден бас тартқан.

 

— Заңсыз шеруге барғаны үшін оған қатысты соттың екі қаулысы шығып, жалпы саны 30 тәулікке қамауға алынған. Ол «тым көп мерзім берілді» деп наразылық танытып, 20 қыркүйектен бері тамақ ішуден бас тартты, бірақ бүгін ас ішуге уәде берді, — деді Пинчук сейсенбіде.

 

2 қыркүйекте Целиноград аудандық сотының қаулысымен азаматтық белсенді Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 488 және 653-баптары («Қазақстан Республикасының бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы заңнамасын бұзу», «Сотты құрметтемеушілік») бойынша айыпталып, жалпы жиыны 30 күнге қамалған. Оған 55 560 теңге әкімшілік айыппұл да салынды.

 

Уәлиев «шеруге емес, 24 шілде мен 8 тамызда Ақмола облысы Талапкер ауылында өткен Дулат Ағаділдің асына қатысқаным үшін жазықты болдым» дейді.

 

Өзінің айтуынша, биыл ақпанда тергеу изоляторында қайтыс болған белсенді Дулат Ағаділдің бітпей тұрған үйін салуға көмектесіп, басқалармен бірге бейітіне барып құран бағыштаған, ешқандай ұран көтермеген. Сот Уәлиевтің апелляциялық шағымын қанағаттандырмады.

 

Құқық қорғаушылар қуғындағы банкир Мұхтар Әблязовтің үгітімен 25 қыркүйекте болуы мүмкін митиң қарсаңында белсенділер жаппай қуадаланып жатқанын айтып отыр. VERITAS ұйымы кейінгі айда елде 91 адам қамауға алынып, 32 адамға айыппұл салынғанын, барлығы 200-ден аса адам қудаланғанын мәлімдеді.

Поделиться

Нет комментариев.

23/09/2020 11:16
47381 0

Уведомление